Милан қаласында Қазақстан мен Қытай ҰОК басшылығының кездесуі өтті
Милан қаласында Қазақстан және Қытай Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің басшылығы жұмыс кездесуін өткізді.
Қазақстан тарапынан кездесуге ҰОК президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Әлімжан Ақаев қатысты. Қытай ҰОК делегациясын ұйым басшысы Гао Чжидан және бас хатшы У Цзянь бастап келді.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, олимпиадалық қозғалыс аясында және Азия елдерімен өзара байланысты тұрақты дамыту маңызды екенін айтты.
Басты бағыттардың қатарында әйелдер боксы мен ерлер және әйелдер арасындағы суға секіру спортынан бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында Қытай тарапы Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктерін ерекше атап өтті. Атап айтсақ, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоровтың нәтижесіне жоғары баға берді.
Сондай-ақ Қытай ҰОК өкілдері 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласының қабылдауына байланысты Қазақстанды арнайы құттықтады. Олар қаланың орналасуы қолайлы екенін және бұл жарыстың өңір үшін беделі жоғары екенін атап өтті.
Қазақстанның Харбиннен кейін Азия ойындарының эстафетасын қабылдауы азиялық спорт қауымдастығы тарапынан көрсетілген сенімнің айқын белгісі ретінде бағаланды.
Кездесу соңында тараптар олимпиадалық қозғалыс аясындағы тікелей диалогты жалғастыруға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Бұл, ең алдымен, спортшыларды даярлау және екі елдің салалық ұйымдары арасындағы тәжірибелік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталады.