Таразда агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жолдары талқыланды: тиімді өндіріс пен технологиялық даму – басты басымдық
Тараз қаласында агроөнеркәсіп кешенінің даму бағыттарына арналған маңызды кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек жетекшілік етіп, салалық басқармалар, қаржы институттары мен өңдеу кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Басқосуда ауыл шаруашылығын жүйелі дамыту, өндіріс тиімділігін арттыру және саланы заманауи талаптарға бейімдеу мәселелері жан-жақты қаралды.
Кеңес барысында аграрлық секторды дамытуға қатысты негізгі міндеттер ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық мақсаттармен сабақтастырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есеге арттыру, шикізатты терең өңдеу үлесін көбейту, «өндірушіден сөреге дейін» толыққанды тізбек қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті кеңейту басты бағыт ретінде белгіленді. Сонымен бірге мал шаруашылығын қолдау, жер ресурстарын толық игеру және жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы инновациялық тәсілдерді енгізу қажеттігі атап өтілді.
Биыл өңірде егіс көлемін 665,4 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте дақылдарды әртараптандыруға басымдық беріліп, суды көп қажет ететін бағыттарды қысқарту көзделген. Суармалы инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасуда - бірқатар каналдарға жөндеу жүргізіліп жатыр. Мұндай шаралар аграрлық өндірістің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қант қызылшасы өндірісіне қатысты ахуал да бөлек қаралды. 2024 жылғы жоғары өнім көрсеткішінен кейін егіс көлемі азайып, бұл қайта өңдеу көрсеткішіне әсер еткен. 2025 жылға саланы қолдау үшін 2,7 миллиард теңге субсидия қарастырылғанымен, жаңа бюджеттік мүмкіндіктердің 2027 жылы күтілуіне байланысты шаруаларға несие жүктемесін ұқыпты жоспарлау ұсынылды.
Сонымен қатар жүгері алқаптарын кеңейту перспективалы бағыт ретінде ұсынылды. Өнімнің бір бөлігі өңдеуге жіберіліп, оның ішінде Fufeng Group кәсіпорнына жеткізіледі. Компания тұрақты сатып алу бағасын бекітіп, төлемдердің уақытылы жүргізілуіне кепілдік беретінін мәлімдеді. Мамандар ауыспалы егіс талаптарын сақтау, тиімді суару режимін қалыптастыру және топырақ құнарлылығын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жиын қорытындысында аграрлық құрылымдар су ресурстарының қолжетімділігі, мемлекеттік қолдау тетіктері және нарықтағы ахуалды ескере отырып, егіс құрылымын қайта қарауы тиіс екені айтылды. Негізгі мақсат - өндірістің тиімділігін арттырып, агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге шығару.