Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Әулиеата өңіріндегі спорт серпіні: инфрақұрылым, жетістік және болашақ бағдар

Әулиеата өңіріндегі спорт серпіні: инфрақұрылым, жетістік және болашақ бағдар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлт денсаулығы мен бұқаралық спортты дамыту мемлекеттің тұрақты өркендеуінің негізгі шарттарының бірі екенін атап өткен болатын. Бұл ұстаным Жамбыл облысында нақты істермен көрініс тауып, соңғы жылдары өңір спорты қарқынды дамып, халықаралық деңгейдегі нәтижелермен ерекшеленіп келеді.

Кеңес дәуірінде қазақ спортшылары әлемдік жарыстарда одақ атынан өнер көрсеткенімен, тәуелсіз елдің мәртебесін көтеру мүмкіндігі шектеулі еді. Сол кезеңде Әлжан Жармұхамедов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ғұсман Қосанов сынды саңлақтар халықаралық ареналарда зор табысқа жетіп, ұлттық спорт мектебінің негізін қалады.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиадасы - 1996 жылы Атлантада өтті. Осы додада жамбылдық спортшылар алтын мен күміс медаль иеленіп, үлкен серпіліс жасады. Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов және Болат Ниязымбетовтің жетістіктері кейінгі буынға үлгі болды. Ал 2004 жылы Афина Олимпиадасында Бақтияр Артаев бокстан чемпион атанып, беделді «Вэл Баркер» кубогін елге әкелді. Кейінгі Олимпиадаларда да жерлестеріміз жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Елдос Сметовтің Рио мен Токиодағы табыстары, сондай-ақ пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағалидың күміс жүлдесі - өңір спортының айқын көрсеткіші.

Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. 2024 жылы облыста 115 спорт нысаны іске қосылып, оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 ірі спорт кешені және 103 спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, өткен жылы тағы 13 нысан халық игілігіне тапсырылды. Құмшағал ауылындағы жаңа кешен, «Тараз-Арена» сарайы мен ауылдық спорт алаңдары жастарға қолжетімді орта қалыптастырып отыр.

Бұқаралық спорт көрсеткіштері де өсуде. 2025 жылдың қорытындысында 514,9 мың адам, яғни облыс халқының 44,8 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданған. Ауылдық елді мекендерде 290 спорт нұсқаушысы еңбек етіп, 4286 спорттық шара ұйымдастырылды, оған 400 мыңға жуық тұрғын қатысқан.

Халықаралық және республикалық жарыстарда жамбылдық спортшылардың табысы да жоғары - барлығы 1856 медаль жеңіп алынған. Көкпардан жастар құрамасы 9 рет, ал ересектер командасы 15 мәрте ел чемпионы атанды. Еркін күрес шеберлері қатарынан 5 жыл бойы Қазақстан чемпионы атағын сақтап келеді. Бокс, дзюдо және футболдан жасөспірімдер құрамалары да жалпы есепте үздіктер қатарында. Токиода өткен Сурдлимпиадаға облыстан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль ел қоржынына түсті.

Өңір намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген спортшылар қатарында Ерғали Әлішер, Дулат Бекбауов, Бақтияр Артаев, Елдос Сметов сынды саңлақтар бар. Олар әлемдік ареналарда Қазақстан туын биік көтеріп жүр. Ал 2026 жылы жамбылдық спортшылар Азия чемпионаттары мен әлемдік додаларда тағы да ел намысын қорғауды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда облыста 2465 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл тағы 13 жаңа спорт нысанын іске қосу көзделген. Сонымен бірге 7–17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 8 спорт түрі бойынша клубтар қызмет етеді. Мұнда футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс және кикбоксинг секцияларына еркін қатысуға мүмкіндік бар.

Жалпы алғанда, Әулиеата өңірі спорттық әлеуеті жоғары, инфрақұрылымы дамып келе жатқан аймаққа айналды. Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спорты қатар дамыған бұл үрдіс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етуде.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар