Жамбыл құсбегілерінің мерейі үстем: ел чемпионатында ұлттық өнер тағы бір мәрте танылды
Орал қаласында өткен құсбегіліктен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, саятшылық дәстүрінің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді. Бұл дода қысқы спорт түрлерін насихаттауға бағытталған 20–21 ақпан күндері ұйымдастырылған “Oral Winter Fest – 2026” фестивалі аясында өтті.
Аталған шара шеңберінде құсбегіліктен Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты өткізіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шамамен 70-ке жуық саятшы бақ сынады. Турнир тек жарыс алаңы ғана емес, ата-бабадан жалғасқан саятшылық мәдениетін кеңінен танытқан рухани шараға айналды. Қыран құстарды баптау, баулу және аңға салу өнері көпшілікке ұлттық дәстүрдің терең тамырын айқын көрсетті.
Чемпионатта Жамбыл облысының намысын қорғаған меркілік жас құсбегі Бақдәулет Бабажан жоғары шеберлігімен ерекшеленіп, қарсыластарынан озық шықты. Ол құсбегілік тәсілдерін кәсіби деңгейде меңгергенін дәлелдеп, ел чемпионы атағын иеленді.
Бұл жетістік Жамбыл өңірінде ұлттық спорт түрлерінің жүйелі дамып келе жатқанын аңғартады. Құсбегілік - тек спорт емес, халқымыздың тарихи мұрасы мен рухани болмысын айқындайтын ерекше өнер. Осындай жарыстар арқылы дәстүр сабақтастығы сақталып, жас буынның ұлттық құндылықтарға қызығушылығы арта түсуде.