Жаңалықтар

Алматыда турист қар құрсауында қалып, көз жұмды

Алматы қаласында тауда қар көшкініне байланысты қайғылы оқиға тіркелді. Медеу ауданы аумағындағы Титов асуында, теңіз деңгейінен шамамен 3400 метр биіктікте екі турист қар астында қалып қойған.

Алдын ала мәлімет бойынша, туристер таулы аймақта жүрген кезде қар көшкіні жүрген. Соның салдарынан екеуі қар астында қалып, олардың біреуі өз бетінше шығып үлгерген. Ал екінші туристі құтқару мүмкін болмаған.

Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, қаза тапқан туристің денесін таудан алып шықты. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Мамандар тұрғындар мен туристерге ауа райы құбылмалы кезеңде тауға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар аймақтардан аулақ болуды ескертеді.