Жаңалықтар

Жаңа Конституция – адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық қадам

Еліміздің жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновация ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалып отыр. Бұл – мемлекеттің даму бағыты табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен сапалы білім алған, білікті әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпаққа сүйенетінін білдіреді. Яғни адами капитал ұлттық байлықтың негізгі өлшеміне айналуда.

Осы маңызды тұжырымдар «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалициясының мүшесі Мұқаш Ескендіровтің ҚазСуШар қызметкерлерімен өткен кездесуінде кеңінен талқыланды. Кездесу барысында ол жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарын түсіндіріп, оның қоғам дамуына ықпалын жан-жақты баяндады.

Атап айтқанда, жаңа құжатта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге, әлеуметтік әділеттілік қағидатын орнықтыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ерекше мән берілген. Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту де негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.

Мұқаш Ескендіров өз сөзінде ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасы институтын нығайту, еңбек адамының мәртебесін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты нормалардың маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция қоғамда қалыптасқан заманауи ұғымдар мен құндылықтарды ескере отырып әзірленген. Соның ішінде азаматтардың жеке деректерін қорғауға қатысты талаптардың күшеюі құқықтық қатынастарды анағұрлым әділ әрі нақты реттеуге мүмкіндік береді.

Алдағы референдум ел дамуы үшін маңызды кезең болмақ. Ұсынылып отырған өзгерістер қоғам өмірінің түрлі саласына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр азаматтың белсенді ұстанымы, пікір білдіруі және ұсыныс жасауы - әділетті әрі теңгерімді қоғам құру жолындағы ортақ іске қосылған үлес.