Жамбыл облысындағы ерекше спорттың жаңа белесі
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жетістіктері Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – Жамбыл облысы әкімдігінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы №439 қаулысы негізінде 2013 жылы құрылған «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны. Бүгінде клуб өңірдегі паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуда жетекші орталыққа айналды.
Клуб басшысы – Нұржан Қырықбайұлы Жолдасбеков. Мекеме Тараз қаласы, «Самал» мөлтек ауданы, 26-үй мекенжайында орналасқан.
16 спорт түрі бойынша жүйелі жұмыс
Қазіргі таңда клубта барлығы 16 спорт түрі дамытылуда. Оның ішінде:
Паралимпиадалық спорт түрлері – бочча, голбол, пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, отырып ойнау волейболы, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара футбол.
Сурдлимпиадалық спорт түрлері – есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған дзюдо, еркін және грек-рим күресі, жеңіл атлетика, жүзу, таеквондо, футзал, шахмат, үстел теннисі.
Паралимпиадалық емес спорт түрлері – тоғызқұмалақ, қол күресі, шахмат.
Клубта 30 жаттықтырушы қызмет етеді. Олардың қатарында жоғары санатты мамандар мен республикалық деңгейде тәжірибесі бар жаттықтырушылар бар.
Қазіргі таңда клубта 395 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Олардың басым бөлігі халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр.
Спортшылардың спорттық дәрежелері
2025 жылғы көрсеткіш бойынша клубта:
ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері – 12
Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – 34
ҚР спорт шеберлері – 23
Спорт шеберіне кандидаттар – 42
1-разрядты спортшылар – 7
2025 жылғы нәтижелер
Клуб спортшылары 2025 жылы халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді:
Әлем чемпионаттары – 9 медаль
Әлем кубоктары – 57 медаль
Азия чемпионаттары – 15 медаль
Халықаралық турнирлер – 5 медаль
Қазақстан чемпионаттары – 213 медаль
Қазақстан кубогі – 15 медаль
Ұлттық құрама сапында 157 спортшы өнер көрсетеді. Оның ішінде 126 спортшы негізгі құрамда.
Тәжірибелі жаттықтырушылар – табыстың тірегі
Клубтағы жетекші мамандардың бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Ерғалиұлы Бейсембаев. Ол пара жүзуден ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарып, әлемдік деңгейдегі чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері қатарында Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина, Паралимпиада жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали бар.
Сондай-ақ пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушы Руслан Сайдикаримұлы Греев те көптеген чемпиондарды дайындап келеді.
Атақты спортшылар
Клубтың мақтанышына айналған спортшылардың қатарында:
Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина
Паралимпиада жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали
Пара пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ерболат Карибай, Айжан Берімқұлова
Азия және әлем ареналарында жеңімпаз атанған Санжар Қанатбек
Жас спортшылар Полина Скоржевская мен Стелла Хаджианиди
Отырып ойнау волейболынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жалғас Жамбыл
Жалғас Жамбыл – Азия чемпионы
Отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының ойыншысы Жалғас Жамбыл Кенесғалиұлы 2025 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, чемпион атанды. Бұған дейін де ол Қазақстан кубогі мен ел чемпионаттарында бірнеше мәрте жүлдегер болған.
Инклюзивті спорт – қоғам дамуының көрсеткіші
Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт жүйелі түрде дамып келеді. Клубтың негізгі мақсаты – ерекше жандардың спорт арқылы қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, олардың халықаралық деңгейде ел намысын қорғауына мүмкіндік беру.
Жыл сайын спортшылар саны артып, жетістіктер көбейіп келеді. Бұл – өңірдегі инклюзивті спортқа деген қолдаудың және кәсіби жаттықтырушылар еңбегінің нақты нәтижесі.