Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Мұқаш Ескендіров, Әбутәліп Мүтәлі және «AMANAT партиясы» облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – Конституция жобасының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру, ұсыныстарды жинақтау және азаматтардың пікірін ескеру.
Депутаттар өз сөздерінде жаңа Конституция жобасының елдегі саяси жүйені жетілдіруге, билік тармақтарының жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, құжатта әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, өңірлердің дамуы және халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу тетіктерін кеңейту мәселелері қамтылғаны айтылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мәселелері кеңінен қозғалды. Халық өкілдері жаңа Конституция жобасы ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат екенін атап өтіп, белсенділік танытты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – Конституцияны шынайы халықтық құжатқа айналдыру. Яғни, әрбір азаматтың пікірі ескеріліп, ел дамуының жаңа кезеңіне негіз болатын құқықтық тетік қалыптастыру көзделіп отыр.
Жамбыл ауданындағы басқосу – ашық диалог алаңына айналып, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудың нақты көрінісі болды.




