Жаңалықтар

Каспий теңізін зерттеуге 1,1 млрд теңге бөлінді

Каспий теңізін кешенді зерттеу және экологиялық тұрақтылығын сақтау мақсатында «Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институтына» 1,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің ресми хабарламасында айтылды.

Бөлінген қаражат теңіздегі экологиялық жағдайды жүйелі бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды сатып алуға бағытталмақ. Атап айтқанда, теңізде мониторинг жүргізуге арналған негізгі құрал-жабдықтар алынып, гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды толық жарақтандыру жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар Каспий теңізінің экожүйесін жан-жақты зерделеуге, су сапасын, биологиялық ресурстарын және қоршаған ортаға әсер ететін факторларды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың мәлімдеуінше, аталған институттың басты мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, қоршаған ортаның жай-күйін тұрақты мониторингілеу, сондай-ақ Каспий маңы елдерімен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру.

Жалпы, Каспий теңізін сақтау және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Бөлінген қаржы осы бағыттағы ғылыми зерттеулерді күшейтіп, теңіздің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етпек.