Жаңалықтар

Мұзбел ауылында Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары өтті

Мұзбел ауылының тұрғындарына Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – конституциялық реформалардың мазмұнын халыққа жан-жақты жеткізу, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тигізетін ықпалын түсіндіру болды.

Кездесу барысында тұрғындарға Конституцияға енгізілген жаңашылдықтардың негізгі бағыттары таныстырылып, өзгерістердің әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі кеңінен айтылды. Әсіресе мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында Алға ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ш. Әмірқұлов сөз сөйлеп, Конституция – мемлекеттің басты құқықтық тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, енгізілген өзгерістер ел болашағын нығайтуға, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Ашық форматта өткен жиын ауыл халқының құқықтық сауаттылығын арттыруға және конституциялық реформалар жөнінде толыққанды ақпарат алуына мүмкіндік берді.