Таразда тегін концерт: Daricorn сахнада сәлем салды, жанкүйерлер ерекше қолдау көрсетті
- author Admin
- Бүгін, 16:10
- 25
Сахна төрінде өнер көрсеткен Daricorn тыңдарманын сүйікті әндерімен қуантты. Ал залда оның №1 жанкүйері — жолдасы Дархан сүйіктісін тамсана видеоға түсіріп тұрған сәт камераға түсіп, әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Қазіргі тілмен айтқанда, «green flag» жігіттің бұл әрекеті көпшіліктің ықыласын тудырып, желі қолданушылары «осындай қолдау болса, шабыт өзінен-өзі келеді» деген пікірлерін жарыса жазды.
Кештің тағы бір ерекше сәті — әншінің көрерменге қазақы дәстүрмен сәлем салуы болды. Daricorn өзін Тараздың келіні екенін атап өтіп, жиналған қауымға ілтипат білдіргенде, зал ду қол шапалақтап, жылы қабылдады. Бұл көрініс кештің ең әсерлі эпизодтарының біріне айналды.
Дарханның айтуынша, оның Таразға келмегеніне екі жылдай уақыт болған. «Дариға айттым: тараздықтардың бәрі менің раднойларым, сәлем салмасаң болмайды дедім», — дейді ол. Осылайша, концерт тек музыкалық кеш қана емес, көрермен мен өнерпаз арасындағы жылы байланыстың көрінісіне айналды.
Тегін өткен кеш қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Көпшілік мұндай мәдени шаралардың Таразда жиі өткенін қалайтынын жазуда.



