Жаңалықтар

Қазақстанда агроэкономиканы жаңғыртуға бағытталған жаңа жоспар әзірленуде

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет атынан агроэкономиканың жаңа прогрессивті моделін енгізу жұмыстарын бастады. Бұл бастама ауыл шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану және өнімді терең өңдеуді дамыту арқылы саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026–2028 жылдарға арналған агроэкономиканы дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айтты. Құжат ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден бастап оны өңдеу, сақтау, логистика және экспортқа дейінгі толық қосылған құн тізбегін қалыптастыруды көздейді. Басым бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібін дамыту, агрокластерлер мен агрохабтар құру, сондай-ақ өндіріс пен өткізу нарықтарының байланысын күшейту бар.

Сонымен бірге Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспарын бекітті. Онда мал басын көбейту ғана емес, өнімділікті арттыру, сапалы өңдеуді жолға қою және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелері қамтылған.

Министрдің мәліметінше, аграрлық сектор соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9 пайызға өсіп, 9,8 триллион теңгеге жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 13,6 пайыз өсіммен 8,3 триллион теңгені құраған. Өсім негізінен өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,8 пайызға және мал шаруашылығының 3,3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. АӨК-ті қолдауға 2025 жылы 1 триллион теңгеге дейін қаржы бөлінген, бұл 2021 жылғы деңгейден шамамен 10 есе көп. Соның нәтижесінде 8,5 млн гектар егістік мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Биыл жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Қаржының ашықтығын қамтамасыз ету үшін субсидияларды толық цифрландыру және бақылау жүйесі енгізілуде.

Саланы техникалық жаңарту да басты назарда. Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы техникасы жыл сайын 8–10 пайызға жаңартылып отырады. Сонымен қатар асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайызбен ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру, ал шаруашылықтардың айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайыздық несиелер іске қосылмақ.

Жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында шалғай мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай 6 пайыздық несие өнімі енгізіледі. Бұл инфрақұрылымға, соның ішінде суару жүйелері мен қажетті техникаға қаржы тартуға мүмкіндік береді. Несиеге қолжетімділікті арттыру үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тартылып, «Даму» институты арқылы мемлекеттік кепілдік беру тетігі қолданылады. Қажет жағдайда шаруалар несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік ала алады.

Ғылыми бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Ірі қара малды эмбриондық тәсілмен көбейту зертханасын ашу жоспарланып отыр. Сонымен бірге жүн мен теріні қабылдайтын сервистік орталықтар құру, қойма және көлік логистикасын дамыту шаралары қарастырылған. Бұл бастамалар нәтижесінде ірі қара мал санын 12 млн басқа, ұсақ малды 28 млн басқа жеткізу және ет экспортын екі есеге арттыру көзделіп отыр. Экспорттық бағыттардың бірі – өнімдерді «Halal» стандарттары бойынша сертификаттау.

2024 жылы мемлекеттік қолдау тетіктерін қайта қарау нәтижесінде техника лизингі, маусымдық жұмыстарды қаржыландыру және өңдеу кәсіпорындарына берілетін несиелер жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен қолжетімді болды. Соның әсерінен соңғы екі жылда елде 50 млн тоннадан астам астық жиналды. Сондай-ақ 1 млн тоннадан астам бұршақ дақылдары өндіріліп, майлы дақылдар өнімі 3,3 млн тоннадан 4,8 млн тоннаға дейін артты.

Қазіргі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін 70-тен астам елге экспорттайды. Ел ұн экспорты бойынша әлемде екінші, күнбағыс майы бойынша сегізінші, ал дәнді дақылдар бойынша оныншы орында. Сарапшылардың пікірінше, жер ресурстарының молдығы – 183 млн гектар жайылым мен 27,2 млн гектар егістік – агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік береді.