«Ауыл аманаты» жобасы: Байзақ ауданында жаңа кәсіп ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді
Президент тапсырмасымен 2023 жылдан бері іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жұмыспен қамтуды көбейтуге және ауыл кәсіпкерлігін дамытуға нақты ықпал етуде. Бағдарлама аясында Байзақ ауданында жаңа кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік туып отыр.
Айта кетейік, бұл жоба өңірде алғаш рет 2019 жылы пилоттық бастама ретінде қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ауыл халқының өмір сапасын көтеру. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауданда шағын кәсіп иелері көбейіп, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Солардың бірі – Байзақ ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Жанат Жандаулетова. Ол «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тігін цехын ашып, кәсібін жүргізіп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, бағдарлама туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен біліп, жұбайы Тимур Өсеровтің атына жеңілдетілген несие рәсімдеуге өтініш берген. Құжаттар комиссия қарауынан өткеннен кейін шамамен алты айдан соң қаржы қолдарына тиген.
Алынған қаражатқа кәсіпкер Алматы қаласынан қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, заманауи тігін аппараттарын сатып алған. Тігін ісін бала кезінен әжесі мен анасынан үйренген Жанат кәсіби білімін арттыру үшін арнайы курстарға қатысып, Меркі ауданындағы ісмер маманнан қосымша тәжірибе жинақтаған. Соның нәтижесінде аз уақыт ішінде кәсіп жолға қойылып, сұранысқа ие өнімдер шығарыла бастады.
Қазіргі таңда цехта төрт қыз-келіншек жұмыспен қамтылған. Соңғы сегіз-тоғыз ай ішінде тапсырыстар көбейіп, кәсіп тұрақты жұмыс істеп келеді. Кәсіпкердің пікірінше, жоба тек бір отбасының ғана емес, ауылдағы бірнеше тұрғынның табысын арттыруға ықпал етуде.
Мамандардың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына қолайлы жағдай жасап, өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл бастама ауылдық жерлерде экономикалық белсенділікті арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық құрал болып отыр.