Жаңалықтар

Орталық комиссия референдум бюллетенін таныстырды

Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға арналған бюллетень нысанын бекітті. Құжатта 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға қатысты бір ғана сұрақ енгізілген.

Азаматтарға: «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал ұсынылады. Бюллетеньде екі жауап нұсқасы қарастырылған - «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын». Дауыс беруші арнайы кабинада құпия түрде тек бір нұсқаны белгілеп, өз таңдауын жасайды.

Комиссия барлық санаттағы азаматтардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасалатынын атап өтті. Конституция жобасының мәтіні учаскелерде қолжетімді болады, ал дауыс беру үдерісі ашықтық, жариялылық және құпиялық қағидаттарына сай ұйымдастырылады.

Референдум қорытындылары заңда белгіленген мерзімде ресми түрде жарияланады.