Жаңалықтар

Михаил Шайдоровқа ІІ дәрежелі «Барыс» ордені табысталды

Қазақстан Президенті XXV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиададағы жетістіктері үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Ал оның бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар маманға «Құрмет» ордені табысталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасанова, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоров, сондай-ақ Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы осы жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды.

Мемлекеттік наградалар – отандық спортты дамытуға қосқан үлесті, халықаралық аренадағы жоғары нәтижелер мен ел абыройын асқақтатқан еңбекті бағалаудың айқын көрінісі. XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың табысы – жүйелі дайындық пен кәсіби жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі.

Бұл жетістік ел спортының дамуына жаңа серпін беріп, жас спортшыларға үлкен мотивация болмақ. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен жоғары бағалау қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына мүмкіндік береді.