Жаңалықтар

Таразда кітапхана ұжымымен Жаңа Конституция жобасы талқыланды

Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Тараз қалалық №6 кітапхана ұжымымен кездесіп, Жаңа Конституция жобасының мазмұны мен алдағы республикалық референдумның маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өтті.

Жиынға қалалық коалиция жетекшісі Кенжебек Олжабаев, сондай-ақ коалиция мүшелері Гулам Умаров пен Сейітжан Орынбаев қатысты. Басқосу барысында Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелері, құжатқа енгізілген өзгерістердің мәні мен олардың қоғамдық-саяси өмірге ықпалы жан-жақты баяндалды.

Коалиция өкілдері Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және еңбек адамдарының мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері құжатта басымдыққа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар реформалардың елдің тұрақты дамуына, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғаны айтылды.

Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Ашық форматта өткен диалог жаңа Конституция жобасының мазмұнын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Жиын соңында Гулам Умаров пен Сейітжан Орынбаев жаңа Конституция жобасына қатысты ойларын ортаға салып, кітапхана қызметкерлерін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Кездесу қоғамда құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың маңызды саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.