Жаңа Конституция жобасы психикалық денсаулық орталығының ұжымымен талқыланды
Өңірлік коалиция мүшелері облыстық психикалық денсаулық орталығының ұжымымен кездесіп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын талқылады. Кездесудің басты мақсаты – медицина саласы қызметкерлеріне Ата заң жобасының мазмұнын түсіндіру және оның қоғам дамуына ықпалын жан-жақты талқылау болды.
Жиын барысында коалиция мүшелері Гулам Умаров, Айгерім Дәулетбаева, Дина Кульбаева және Серік Жетібаев жаңа Конституция жобасындағы басты өзгерістер мен жаңашылдықтарға тоқталды. Олар құжаттың тарихи маңызына назар аударып, оның елдің саяси жүйесін жетілдірумен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Кездесуде жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты – адам мен мемлекет дамуына бағдарланғаны ерекше айтылды. Құжатта қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық мәселелерді жүйелі түрде шешу сияқты маңызды бағыттар қамтылғаны түсіндірілді.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, орталық қызметкерлері өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Мұндай кездесулер азаматтардың конституциялық өзгерістер туралы хабардарлығын арттыруға, қоғамдық диалогты нығайтуға және ел дамуына қатысты маңызды бастамаларды кеңінен талқылауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.