Жамбылда медицина қызметкерлерімен жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жамбыл облыстық коалиция мүшелері облыстық психикалық денсаулық орталығының ұжымымен кездесіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын талқылады. Кездесудің басты мақсаты – медицина саласы мамандарына конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсіндіру және олардың қоғам дамуына ықпалын жан-жақты саралау болды.
Жиын барысында коалиция мүшелері Гулам Умаров, Айгерім Дәулетбаева, Дина Кульбаева және Серік Жетібаев жаңа Конституция жобасындағы басты жаңашылдықтар мен ерекшеліктерге тоқталды. Құжаттың мазмұны, тарихи маңызы және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі рөлі кеңінен түсіндірілді.
Кездесуде жаңа Конституцияның адам мен мемлекет дамуына бағытталғаны ерекше атап өтілді. Ата заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық мәселелерге жүйелі көңіл бөлу сияқты маңызды қағидаттар конституциялық деңгейде бекітілетіні айтылды.
Сонымен қатар конституциялық реформаның негізгі жаңашылдықтары ретінде кеңейтілген өкілеттілікке ие бір палаталы Парламент – Құрылтай құру, жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру және Вице-президент институтын енгізу мәселелері сөз болды. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Жиын соңында орталық мамандары жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыруға және конституциялық реформаларды жан-жақты талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаң ретінде бағаланды.