Еңбек адамымен ашық диалог: конституциялық реформалар талқыланды
Қордай ауданындағы «Бай-Нұр» шаруа қожалығында еңбеккерлермен ашық форматтағы кездесу өтті. Жиынды «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшесі әрі өңірлік Әйелдер қанатының жетекшісі ұйымдастырып, конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызын түсіндірді.
Кездесу ресми баяндамадан гөрі еркін пікір алмасу алаңында өтті. Спикер Конституция тек заңгерлерге арналған құжат емес, ол әрбір еңбек адамының, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін негізгі құжат екенін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және елдің тұрақты дамуына берік негіз қалау екені айтылды.
Шаруашылық қызметкерлері өз пікірлерін ашық білдіріп, ұсынылған бастамаларға қолдау танытты. Кездесу соңында еңбек ұжымын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақыру айтылды.
Сонымен қатар Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде де конституциялық өзгерістердің маңызы түсіндіріліп, әділеттілік қағидаттарын нығайту мен азаматтардың құқықтарын кеңейту басты бағыт екені жеткізілді. Ауыл тұрғындары өз қолдауларын білдіріп, әр азаматтың таңдауы ел болашағына әсер ететінін атап өтті.