Жаңалықтар

8 наурыз қарсаңында интернет-алаяқтардан сақ болыңыз

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында интернет-алаяқтар белсенді әрекет етеді. Мамандардың айтуынша, мереке күндері «гүл жеткіземіз» немесе «сыйлық ұтып алдыңыз» деген желеумен азаматтарды алдауға тырысатын жағдайлар көбейеді.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, алаяқтар көбіне телефон арқылы хабарласып, түрлі сылтаумен SMS арқылы келген растау кодын сұрайды. Олар өздерін курьер немесе қызмет көрсетуші ретінде таныстырып, «сізге гүл жеткізіледі», «курьерге кодты айтыңыз» немесе «сыйлық ұтып алдыңыз» деген мазмұнда хабарламалар жібереді.

Алайда мамандар банк қызметкерлері де, жеткізу қызметі де ешқашан SMS арқылы келген растау кодын талап етпейтінін ескертеді. Мұндай кодты бөгде адамға айту – жеке деректер мен банк шоттарына қолжетімділік берумен тең.

Сонымен қатар мереке алдында әлеуметтік желілерде жалған парақшалар көбейеді. Онда тауарлар мен гүлдер өте төмен бағамен ұсынылып, алдын ала төлем сұралады. Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай, парақша жабылып қалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға шақырады:

белгісіз нөмірлерге сенбеу;

SMS-кодты ешкімге айтпау;

күмәнді парақшаларға ақша аудармау;

тек ресми және тексерілген қызметтерді пайдалану.

Егер алаяқтық белгілеріне тап болсаңыз, дереу банкке және полицияға хабарласу қажет. Мереке күндері қауіпсіздік шараларын сақтап, жеке деректеріңізді қорғау маңызды.