Жаңалықтар

Қазақстандағы ең ірі IT-хакатон 27 наурызда басталады

2026 жылғы 27 наурыз және 5 сәуір аралығында еліміздегі ең ірі мультилокациялық хакатон - Decentrathon 5.0 - бір мезгілде 20 қалада өтеді. Аталған шара барлық өңірдегі технологиялық қоғамдастықты біріктіреді, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Хакатон 2026 жылғы 27 наурызда Шымкентте өтетін Digital Qazaqstan бірінші ұлттық технологиялық форумы шеңберінде ұйымдастырылған және сол жерде Decentrathon жобасының ашылуы өтеді. Осы маусымда Decentrathon 5.0 Шымкент, Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Өскемен, Қонаев, Талдықорған, Тараз, Түркістан және Орал қалаларын қамтиды. 3000-нан астам әзірлеуші мен 1500 команда қатысады деп күтіліп отыр, олар AI және Blockchain сынды екі негізгі бағытта шешімдер әзірлейді.

Хакатон жаңа форматта өтеді. 27 наурызда Шымкентте салтанатты ашылу рәсімі басталады. Бұдан әрі командалар онлайн-форматта жұмысын жалғастырады. Келесі 9 күннің ішінде қатысушылар жобалар әзірлейді, қолдау алады және шешімдерді соңғы презентацияға дейін жеткізеді.

Аталған іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында өткізіледі әрі отандық цифрлық технологияларды дамытуға және жаңа буын IT-мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.