«Қара тізім» құпиясы: Меруерт Түсіпбаева телеарналардан неге жоғалып кетті?
Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева 2025–2026 жылдары ірі телеарналардың эфирінен алынып тасталғанын мәлімдеп, әлеуметтік желіде ашық пікір білдірді. Өнер иесі өзін «қара тізімге» енгенін айтып, бұл жағдайды көпке жария етуді жөн көрген. Оның бұл мәлімдемесі отандық шоу-бизнес пен медиа кеңістіктегі ішкі саясатқа қатысты жаңа сұрақтар туындатты.
Әншінің айтуынша, оны Алматыдан Астанаға арнайы шақырып, бірнеше сағаттық түсірілім ұйымдастырған. Сол жерде бес ән орындап, түсірілімге бірнеше оператор қатысқан. Алайда дайындалған материал эфирге шықпаған. Ұқсас жағдай «Таңшолпан» бағдарламасында да қайталанған - түсірілім болғанымен, нәтиже көрерменге жетпеген.
Меруерт Түсіпбаева жауапты тұлғалардан эфир күні туралы бірнеше мәрте сұрағанын, бірақ нақты жауап ала алмағанын айтады. Оның сөзінше, уақыт пен еңбектің зая кеткені қынжылтады.
Сондай-ақ әнші жағымпаздыққа бармайтынын, өз ұстанымынан айнымайтынын жеткізді. Жақын уақытта ашық сұхбат беріп, жағдайдың мән-жайын толық айтатынын да жасырмады.
Айта кетейік, бұған дейін Алмас Кішкенбаев та өзін қара тізімге енгізілгенін мәлімдеген болатын.