Жамбыл облысында егіс алқабы 623,3 мың гектарды құрайды: су арналары жөнделіп, жүгері мен қант қызылшасына басымдық берілуде
Жамбыл облысында 2026 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 623,3 мың гектар алқапқа орналастырылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға аз. 2025 жылы өңірде 640 мың гектар алқаптан 3,2 млн тонна өнім жиналған болатын. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді.
Егістік көлемінің қысқаруы 2026–2028 жылдары Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 су каналына жүргізілетін жөндеу жұмыстарына байланысты. Жобалар жүзеге асқаннан кейін 51,4 мың гектар алқаптың сумен қамтылу деңгейі артып, суармалы жерлердің тиімділігі күшейеді.
Суармалы жердің уақытша азаюына байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының көлемі 7,5 мың гектарға қысқарып, 23,6 мың гектарды құрайды. Бақша дақылдары да 8 мың гектарға азайтылып, 4,7 мың гектарға орналастырылады. Дегенмен өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету басым бағыт ретінде сақталып отыр.
Осы мақсатта дәндік жүгері алқабы 11,8 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 30 мың гектарға жеткізіледі. Қант қызылшасының егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарды құрайды.
Көктемгі дала жұмыстарына шаруалар толық дайын. Қажетті 58 мың тонна тұқым әзірленіп, қоймаларға жеткізілген. Биыл 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар шаруалардың өтінімдері негізінде 27,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Көктемгі жұмыстарға 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады.
«Кең дала-2» бағдарламасы аясында 2026 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 101 шаруаға 2,8 млрд теңге көлемінде 5 пайыздық жеңілдетілген несие берілді.
Өңірде жүгеріні терең өңдейтін ірі жоба да іске асуда. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Fufeng Group компаниясының құны 800 млрд теңге болатын өндірістік кешені іске қосылады. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 3 млн тонна жүгері өңдей алады.
Каналдарды жөндеу жұмыстары аяқталған соң, 2029 жылы жүгері егіс алқаптарын 80 мың гектарға дейін ұлғайтып, зауытқа өткізілетін өнім көлемін 560 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Осы бағытта «Харвест Агро Холдинг» ЖШС-не 41 мың гектар жер беру жұмыстары жүргізілуде. Үш жыл ішінде инфрақұрылым тартылып, су үнемдеу технологиялары енгізіледі. 20 мың гектарға жүгері егіледі.
Қант қызылшасын өңдеу саласында да жаңғырту жүріп жатыр. 2026 жылы 8,5 мың гектар алқаптан 450 мың тонна өнім алу көзделуде. Оның 200 мың тоннасы жаңғыртудан өткен Тараз қант зауытында өңделмек. Кәсіпорын 2001 жылдан бері тек қант құрағын өңдеп келген болса, 2025 жылдан бастап қант қызылшасын қайта қабылдауға бейімделуде.
Меркі қант зауыты да тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Оның жылдық өңдеу қуаттылығы – 250 мың тонна. Ал 2027 жылы қытайлық Zhongkai Kazakhstan компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу жоспарланған. Жаңа кәсіпорын жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдей алады.
Жалпы алғанда, өңірде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, қайта өңдеу саласын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.