Жаңалықтар

Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 56,5 млрд теңгеге жетті

Жамбыл ауданында өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 56 миллиард 584 миллион теңгені құрады. Оның 36,9 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына, ал 19,3 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бүгінде ауданда 2599 агроқұрылым жұмыс істейді. Оның ішінде 2 өндірістік кооператив, 33 ауыл шаруашылығы кооперативі және 2564 шаруа қожалығы бар.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, 2024 жылы 51 933 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Нәтижесінде 5441 тонна бидай, 14 378 тонна арпа, 6766 тонна картоп, 244 156 тонна көкөніс, 2670 тонна майлы дақыл жиналды. Сонымен қатар 11 182 тонна дәндік жүгері, 2940 тонна сүрлемдік жүгері, 19 635 тонна бақша өнімдері және 26 972 тонна қант қызылшасы өндірілді. Мал азығы үшін 295 131 тонна жем дайындалды.

Қуаңшылыққа қарамастан, гектар өнімділігі жақсы деңгейде сақталды. Мәселен, бидай – 13,6 ц/га, арпа – 13 ц/га, картоп – 227 ц/га, көкөніс – 422,3 ц/га, қант қызылшасы – 345,8 ц/га өнім берді.

Техникалық жаңғырту бағытында 103 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 42-сі трактор, 1 комбайн, қалғаны тіркемелер.

Мемлекеттік қолдау аясында 525 шаруа қожалығына 3,1 млрд теңге субсидия берілді. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» арқылы 64 агроқұрылым 1,5 млрд теңге несие алды. «Дихан» несиелік серіктестігі арқылы 26 азамат қаржыландырылды.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 56 жоба мақұлданып, 400 млн теңге бөлінді. Ауданда 16 жылыжай жұмыс істейді. Қазіргі таңда 11 жылыжайда көкөніс өсірілуде. Сонымен қатар 8 көкөніс сақтау қоймасында 650 тонна пияз және 160 тонна сәбіз сақталуда.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында 4040 гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда 1323 гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

Өткен жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 35,4 млрд теңгені құрады. 2025 жылы жалпы құны 1,8 млрд теңгелік 5 жоба іске асып, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында 4 жоба жүзеге асырылып, 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жамбыл ауданында аграрлық секторды әртараптандыру, өңдеу өндірісін дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.