Жаңалықтар

Аида Балаева: Конституцияның түпкі философиясы адамға, азаматтардың игілігіне бағдарланған

Петропавлда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен білім, ғылым және мәдениет саласының қызметкерлері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездесті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Ерлан Саиров, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, Астана қаласы мәслихатының депутаты Талғат Дүйсеков, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтук және басқалар қатысты.

Жиында Аида Балаева жаңа Конституцияның түпкі философиясы адамға, азаматтардың игілігіне бағдарланғанын атап өтті.

Сенат депутаты Ольга Перепечина Қазақстан жаңа саяси даму кезеңіне қадам басып, бұл реформа қоғамның кең қолдауына ие болып, барлық басқару жүйесін сапалы жаңартуға мүмкіндік ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция білім, ғылым және ұлттың шығармашылық әлеуетін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады. 

Ерлан Саиров өз сөзінде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар демократиялық институттарды нығайтуға және қоғамдық сананы дамытуға бағытталғанын айтты. Ол жаңа Конституция жобасы Қазақстанның саяси жүйесін ХХІ ғасырдың талаптарына бейімдеу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. 

Отырыста Жұлдызай Ысқақова жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат болып қана қоймай, заманауи қоғамдық және құндылық бағдарларды көрсететінін айтты. Оның айтуынша, бұл құжат нағыз қоғамдық келісім-шарт ретінде қалыптасып, қоғамның бірлігі мен консенсусы негізінде жасалмақ. 

Кездесу соңында Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысушылармен ашық әңгіме құрды. Қорытынды сөз халықтың қолында екені айтылып, 15 наурызда жаңа Конституция жобасы бойынша өз позицияларын білдіруге болатындығы сөз етілді.