Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев донорлық акцияға қатысып, жамбылдықтарды қан тапсыруға шақырды

Елімізде 2026 жылдың ақпан айы қан тапсыру айы деп жариялануына байланысты Жамбыл облыстық қан орталығында донорлық акция ұйымдастырылды. Аталған шараға қоғам белсенділері мен еріктілер қатысып, қан тапсыру арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсетуге үлес қосты.

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында көтерген болатын. Мемлекет басшысы еріктілік – игі істер жасау, жақсылықпен үлгі көрсету, Отанына адал қызмет ету және туған жеріне жанашырлық таныту екенін үнемі атап келеді.

Сондай-ақ Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» жобасының қоғамды үнемшілдікке, мейірімділікке, жауапкершілікке және қайырымдылық жасауға үндейтінін айтқан болатын. Бұл бастама азаматтарды ортақ құндылықтарды дәріптеп, ел игілігі үшін белсенді болуға шақырады.

Қан тапсыру – толықтай ерікті түрде жасалатын, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды әрі сауапты іс. Донор болу арқылы әрбір азамат өзгеге өмір сыйлап, қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділіктің артуына өз үлесін қоса алады.

Осыған орай ұйымдастырушылар жамбылдықтарды игі іске бейжай қарамай, донорлық қозғалысқа белсенді қатысуға шақырады. Донор болу – бір адамның өмірін құтқаруға себеп болуы мүмкін маңызды қадам.