Іздеуде ме, әлде жалған ақпарат па? Ағлан Ақпан Алматы тауларында көзге түсіп, мәлімдеме жасады
Шамамен бір жарым жылдан бері іздеуде жүр деген ақпарат тараған блогер Ағлан Ақпан жуырда Алматы тауларында өткен кәсіпкерлерге арналған жабық форматтағы бизнес-таңғы ас кезінде көзге түсті. Іс-шараны Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, кәсіпкер Нұрәлі Әлиев ұйымдастырған. Кездесуден кейін әлеуметтік желілерде фото және видео таралып, көпшілік кадрлар арасынан “Qoslike” жобасының экс-қатысушысын байқап, қызу талқылау басталды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі “іздеуде жүрген адам қалайша ашық шараға қатысып жүр?” деген сауал тастап, түрлі болжам айтты. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде жаңа толқын туғызып, блогердің аты қайтадан ақпарат кеңістігіне шықты.
Еске салайық, 2025 жылдың тамыз айында “Әділдік алаңы” бағдарламасында Ағлан Ақпанның шетелге жұмысқа орналастыру қызметіне қатысты шағымдар айтылған болатын. Ақпарат бойынша, ол Еуропа мен Аустралияға жұмысқа жіберемін деп бірнеше адамнан қаражат алып, кейін виза мәселесіне байланысты уәде орындалмаған. Жәбірленушілер саны шамамен 15 адам екені хабарланған.
Осы даудан кейін блогер әлеуметтік желілерден жоғалып кеткен еді. Алайда соңғы жағдайдан кейін Ағлан Ақпан өзінің жеке Instagram парақшасында арнайы мәлімдеме жасап, өзі туралы “іздеуде жүр” деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда ешқандай ресми іздеу жарияланбаған.
Блогер қаржылық қиындықтарға тап болғанын мойындап, бірқатар жобалардың сәтсіз аяқталуына байланысты берешектер туындағанын жеткізді. Сонымен қатар ол қарыздарды кезең-кезеңімен қайтарып жатқанын және бұл процесс заң аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Ағлан Ақпан көпшіліктен жалған ақпарат таратпауды, ресми дерекке сүйенуді сұрады. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі асыра сілтенген мәліметтер жағдайды күрделендіріп, мәселені шешуге кедергі келтіруі мүмкін.