Жамбыл облысында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған Республикалық референдумға дайындық мәселелері талқыланды
2026 жылғы 26 ақпанда Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, өңірдегі құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, қалалық/аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кеңесті ашқан Нұржан Календеров алдағы референдум еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір азаматтың еркін білдіруіне толық жағдай жасап, науқанды заң талаптарына сәйкес, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу – басты міндет.
Өз кезегінде Мұхтар Ерман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 11 ақпандағы №1170 Жарлығына сәйкес,
15 наурызға республикалық референдум тағайындалғанын еске салып, ҚР ОРК отырысында референдумды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол референдум комиссияларының өкілеттіктері мен мемлекеттік органдардың заңнамаға сәйкес міндеттеріне тоқталды.
Күн тәртібіне сәйкес, республикалық референдумға дайындық шаралары аясында жергілкті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбековтың және өңірдегі референдум комиссиялары мүшелерін оқыту және комиссиялардың алдағы науқанға дайындығы туралы облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтың есептері тыңдалды.
Сонымен қатар, электораттық кезеңде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, дауыс беруге арналған бюллетеньдерді тасымалдау және қорғауды ұйымдастыру туралы Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапяев және мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып отырған жұмыстар туралы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады.
Кеңес барысында референдумды өткізу кезінде заңдылықты, жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіптің сақтаулын бақылау, азаматтарды жан-жақты ақпараттандыру және референдум учаскелерінің талап сай жабдықталуы, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасау және дауыс беру күні коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің жұмысын ұйымдастыруда бірқатар мәселелерге назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыру барлық жауапты құрылымдардың үйлесімді, әрі жүйелі жұмысына байланысты екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жұмыс сапары аясында Тараз қаласы мен Байзақ ауданы аумағындағы бірқатар учаскелік референдум комиссияларының жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, референдум учаскелерінің материалдық-техникалық тұрғыда жарақтандырылу деңгейімен, азаматтарды ақпараттандыру жұмыстарымен, дауыс беру процесін ұйымдастыруға дайындық барысымен және комиссиялар құжаттамаларының рәсімделу тәртібімен таысты.
Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов ауданында ұйымдастырылған «Аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына арналған оқыту-семинарына» қатысты. Аталған оқу іс-шаралары барысында референдумды ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық негіздері, дауыс беру күніндегі рәсімдердің тәртібі, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау тетіктері, сондай-ақ даулы жағдайлардың алдын алу және оларды заң аясында шешу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.