Жаңалықтар

Қазақстан мен Сербия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, бұл сапар Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Белград арасында конструктивті саяси диалог жолға қойылып, парламентаралық байланыс нығайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың ықпалдастығы дәйекті түрде дамуда.

Қазақстанда 60-тан астам сербиялық компания қызмет етеді.

Президент Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тиімді жұмыс атқарып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы сапар аясында Сербиядан іскерлік топ өкілдері келгенін құптады. Кеше өткен Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің нәтижесі сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейте түсетініне сенім білдірді.

Президент еліміздің бірқатар халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Сербия тарапына ризашылығын жеткізді.