Жаңалықтар

Атырау облысындағы ерлі-зайыптының өлімі: күдіктілер Индонезияда ұсталды

Атырау облысында ерлі-зайыптының қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілердің шетелде ұсталғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілерде олардың Индонезияда тұтқындалған сәтінен түсірілген фото және видео материалдар таралып жатыр.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қаза тапқандар – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев және оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева. Сұлтан Сәрсемәлиев жұмыссыз болған, ал Ақбаян Мұқанғалиева декреттік демалыста жүрген.

 

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер оқиғадан кейін Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Индонезия құқық қорғау органдары олардың қозғалыс бағытын анықтаған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпур қаласынан ұшып шығып, Бали арқылы Индонезияға келген. Кейін олар Ломбок аралында тұрған.

Қазіргі таңда күдіктілер Индонезияда ұсталып, жергілікті құқық қорғау органдарының бақылауында. Оларды Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.

Күдіктілерді экстрадициялау туралы түпкілікті шешім Қазақстан тарапы ресми өтініш жолдағаннан кейін қабылданады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.