Жаңалықтар

«Жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншікті қорғау мәселесі көрініс тапты» – Аида Балаева БҚО жастарымен кездесті

Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Батыс Қазақстан облысына сапары аясында креативті дәне белсенді жастармен кездесу өтті. Делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, Жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды. Сондай-ақ кездесуге Мәжіліс депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, қоғамдық сектор және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жастар ұйымдары, креативті индустрия өкілдері, волонтерлік қозғалыс, медиа және өңірлік қоғамдық ұйымдармен өткен әңгімеде жобадағы көптеген нормалардың негізгі адресаты бүгінгі жастар екеніне ерекше назар аударылды.

Аида Балаева қолданыстағы Конституция өзінің тарихи миссиясын орындағанын, ал жаңа Конституция білімге, ғылымға, мәдениет пен инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуге бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Аида Балаева жедел цифрландыру мен жасанды интеллектің қарыштап дамуы жағдайында Конституция жобасында алғаш рет цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға қатысты нормалар бекітілгенін айтты.

Жиында сондай-ақ «Ассамблея жастары» жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Залина Алиева сөз сөйледі. Ол жастардың тәжірибелік жұмысы – этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған балаларға арналған жобалар мен бастамалары туралы айтып, референдумға қатысты жастардың ұстанымын жеткізді. 

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы, жас ақын Әділет Орынбасаров саналы таңдау ақпаратқа деген сенім мен белсенді азаматтық ұстанымнан басталатынын алға тартып, референдум – әркімнің жеке жауапкершілігі екенін айтты. 

Кездесуге қатысқан өзге де спикерлер уақыт талабына сай Негізгі заңдағы жаңартуларды қолдайтындарын білдірді. Конституция жобасы құқықтар мен бостандықтарды нығайтуға, адами капиталды дамытуға және жастардың өз қабілет-қарымдарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік және ауызбіршілікті нығайтуға қатысты нормаларды қамтитыны атап өтілді. 

Кездесу соңында қатысушылар сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды және елдің конституциялық дамуының алдағы бағытын азаматтардың таңдауы айқындайтындықтан, 2026 жылдың 15 наурызында өтетін республикалық референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды екенін ерекше атап өтті.