Саяси партиялар халықтық Конституцияны қолдайтындарын мәлімдеді
28 ақпанда Астанада жаңа Конституциясы жобасына арналған Партияаралық диалог өтті. Пікірталас «Qazaqstan» телеарнасының әлеуметтік желідегі платформаларында және «Хабар» телеарнасының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Партияаралық диалог – спикерлерге қойылатын нақты регламенті мен айқын міндеті бар, 4 раундтан тұратын бірегей пікірталас форматы.
Диалогқа Қазақстандағы 7 партия атынан 14 спикер қатысты. Олар модераторлар мен қарапайым қазақстандықтардың сұрақтарына жауап бере отырып, жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұстанымдарын білдірді.
Спикерлер Тәуелсіздік пен ұлттық бірлікті Конституция деңгейінде бекіту, Парламент бақылауын күшейту, білім мен ғылымды дамыту басымдығы, әлеуметтік кепілдіктер, меншік құқығын қорғау, мемлекеттің экологиялық жауапкершілігі, азаматтардың цифрлық құқығы және негізгі шешімдер қабылдау кезіндегі жалпыхалықтық референдумның рөлі сынды бірқатар мәселені талқылады.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жаңа Конституция жобасының 3-бабына қатысты сұраққа жауап бере отырып, бұл бапта алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің стратегиялық қызмет қағидаттары – Тәуелсіздікті қорғау, ұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық диалогты дамыту, адам құқығы, ғылым мен білім басымдығы бекітілгенін мәлімдеді.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ жаһандық трансформациялар мен технологиялық өзгерістер жағдайында Конституцияны жаңғырту қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, Ата Заңды жаңғырту – мемлекеттің құқықтық тұрғыда дамуының қисынды кезеңі.