Жамбылда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері оқушыларға қаржылық қауіпсіздік бойынша дәріс өткізді
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Тараз қаласындағы №41 мектеп-гимназиясында «Қаржылық тәртіп пен құқықтық мәдениет: ата-ананың рөлі мен үлгісі» тақырыбында дәріс және практикалық сабақ өткізді. Іс-шара «Заң және тәртіп» нарративі аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталды.
Кездесу барысында оқушыларға жеке қаржылық жауапкершілік, саналы шешім қабылдау және ата-ананың үлгісі арқылы заңға бағынушылық мінез-құлықты қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Ерекше назар цифрлық қауіпсіздік мәселесіне аударылды. Мамандар дипфейк технологияларының қаупі, жалған аудио-бейнематериалдарды ажырату жолдары және кибералаяқтардан қорғану тәсілдері туралы айтты.
Департамент қызметкері майор Жағыпар Исатаев 2019 жылдан бері интернеттегі дипфейктер саны 550 пайызға артқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары дипфейктерге қатысты 40 қылмыстық іс тіркелген. Спикер әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар арқылы сенімге кіріп, ақша немесе жеке мәліметтерді алдап алу жағдайларына тоқталды. Оқушыларға бейтаныс адамдармен хат алмасуда сақ болу, ақша аудармау және күмәнді жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ дауыс және бейне дипфейктердің кең таралуы, жасанды интеллект арқылы туыстардың бейнесін қолдан жасап, ақша сұрау схемалары түсіндірілді. Қатысушылар мессенджерлердегі құпиялылық баптауларын реттеу, жеке деректерді қорғау бойынша нақты нұсқаулықтар алды.
Практикалық бөлімде оқушылар дипфейктерді ажырату бойынша тапсырмалар орындап, онлайн-квизге қатысты. Үздік жауап бергендерге ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің атынан сыйлықтар табысталды.
Іс-шара барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысы Ержан Кенжебаев 2025 жылы Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап туралы да түсіндірді. Аталған норма банк реквизиттерін үшінші тұлғаларға беруге және олардың пайдасына ақша аударуға тыйым салады. Мұндай әрекеттер үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар алаяқтыққа сыбайлас болғаны үшін 10 жылға дейін жаза көзделгені ескертілді.
Мамандар жастарды «жеңіл табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, банк картасының деректерін ешкімге бермеуге және ресми ақпарат көздеріне ғана жүгінуге шақырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін нығайтып, қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.