12 наурыздан бастап жаяу жүргіншілер де камера арқылы айыппұл төлейді
2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Енді автоматты бақылау жүйелері тек көлік жүргізушілерін ғана емес, жаяу жүргіншілерді де әкімшілік жауапкершілікке тарта алады. Бұл өзгеріс құқық бұзушылықтарды цифрлық жүйелер арқылы тіркеу аясын кеңейтеді.
Әкімшілік кодекстің 31-бабының жаңа редакциясына сәйкес, құқық бұзушылықтар камералар, дрондар және автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдар арқылы анықталуы мүмкін. Егер тіркелген деректер Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімімен интеграцияланған жүйе арқылы расталса, хаттама толтырмай-ақ әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.
Бұл дегеніміз, егер жаяу жүргінші құқық бұзып, оның әрекеті бейнебақылау құрылғыларына түссе, айыппұл автоматты түрде рәсімделеді. Мысалы, қоғамдық орында қоқыс немесе темекі тұқылын тастау, белгіленбеген жерде темекі шегу, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту секілді әрекеттер тіркелген жағдайда айыппұл салынады. Сондай-ақ алкогольді рұқсат етілмеген уақытта сату фактілері де цифрлық құралдар арқылы анықталуы мүмкін.
Бұған дейін автоматты айыппұлдар негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты қолданылып келген. Енді бұл тәжірибе жаяу жүргіншілерге де таралады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, рұқсат етілмеген жерде темекі шеккені үшін жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК. Қоқыс тастағаны үшін (темекі тұқылы, қағаз, бөтелке және басқа да қалдықтар) 5 АЕК, қайталанса – 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 2 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.
Осылайша, жаңа өзгерістер әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеу тәртібін цифрландыру арқылы күшейтіп, қоғамдық тәртіпті бақылауды кеңейтуді көздейді.