Жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт қымбаттады

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылынан кейін әлемдік мұнай нарығында баға күрт өсті. Геосаяси шиеленістің күшеюі инвесторлар мен нарық қатысушыларының алаңдаушылығын арттырып, мұнай құнына тікелей әсер етті.

Халықаралық қор нарықтары ашылған кезде «Brent» маркалы мұнайдың бір баррелі 79 доллар 30 центке дейін көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, бұл соңғы уақыттағы ең жылдам өсімдердің бірі болып отыр. Мұнай бағасының шамамен 10 пайызға қымбаттауы Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуымен байланысты.

Қазіргі уақытта әлемдік энергетикалық тасымал үшін аса маңызды саналатын Ормуз бұғазы жабылған жоқ. Дегенмен Парсы шығанағында жағдай күрделі. Ашық деректерге сәйкес, аймақта 150-ге жуық мұнай танкері уақытша аялдап тұр. Бұл жағдай мұнай жеткізілімінің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Сарапшылар Ормуз бұғазының маңызын ерекше атап өтеді. Себебі әлемде теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 20 пайызы дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Егер бұғаз жабылатын болса, жаһандық нарықта мұнай тапшылығы туындауы мүмкін.

Энергетика нарығын зерттеуші мамандардың болжамынша, Ормуз бұғазы жабылған жағдайда мұнай бағасы бір баррель үшін 100 доллардан асып кетуі ықтимал. Бұл өз кезегінде әлемдік инфляцияға, тасымал құнына және көптеген елдердегі жанармай бағасына әсер етуі мүмкін.

Қазіргі таңда халықаралық қауымдастық жағдайды жіті бақылап отыр. Ал нарық қатысушылары Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың қалай өрбитінін күтуде.