Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы: Нақты нәтижелері мен жаңа серпін
2025 жылы Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласы жүйелі жаңғыру мен сапалы өсім кезеңіне қадам басты. 1 қарашадағы дерек бойынша өңір халқы 1 215,9 мың адамды құрады. Соған қарамастан, сала негізгі демографиялық және медициналық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,53 жасқа жетті. Өлім-жітім көрсеткіші 0,7%-ға төмендеп, 6,01-ді құрады. Әсіресе, сәби өлімінің 20,5%-ға азаюы – ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі.
Кадрлық әлеуетті нығайту да басты назарда. Облыста 15 455 медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігер тапшылығы 74 бірлікке дейін қысқарды. Соңғы жылдары резидентураға 179 грант бөлініп, жас мамандарды тарту үшін 8,5 млн теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 2025 жылы өңірге 90 жас дәрігер келіп, оның 71-і ауылдық жерлерге жіберілді. Бұл – ауыл медицинасының сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қаржыландыру көлемі 155,4 млрд теңгеге жетіп, сала инфрақұрылымын жаңғыртуға кең мүмкіндік берді. Облыста 383 медициналық нысан халыққа қызмет көрсетуде. 2025 жылы 12 нысан күрделі жөндеуден өтті, 5 жаңа нысанның төртеуі пайдалануға берілді.
Материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайтылды. 6,1 млрд теңгеге МРТ, компьютерлік томограф, ангиограф, маммографтар және өзге де заманауи құрылғылар сатып алынды. Жарақтандыру деңгейі 92,32%-ға жетті. Сонымен қатар, 3,6 млрд теңгеге ПАКС жүйесі мен жасанды интеллект негізінде қатерлі ісіктерді ерте анықтау технологиясы енгізілді.
Алдағы 2026 жылға да нақты жоспарлар белгіленген: жаңа МРТ мен ангиографтар алу, инсультті автоматты диагностикалау жүйесін енгізу, 60 санитарлық автокөлік сатып алу.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы заманауи технологиялармен жабдықталып, кадрлық әлеуеті күшейіп, қызмет сапасы артып келеді. Негізгі басымдық – халықтың өмір сапасын жақсарту және қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек көрсету.