Жаңалықтар

Жамбыл облысында табиғатты қорғау жұмыстары күшейтілді: браконьерлікке қарсы ондаған рейд жүргізілді

Жамбыл облысында табиғатты қорғау және жануарлар дүниесін сақтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 2025 жылы табиғатты қорғау мақсатында 48 рейдтік іс-шара ұйымдастырды.

Жүргізілген бақылау нәтижесінде 60 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 1,18 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында екі қару тәркіленіп, тиісті органдарға өткізілді.

Табиғатты қорғау жұмыстары тек рейдтермен шектелмейді. Инспекция «Охотзоопром» өндірістік бірлестігімен, «Сапсан» жедел қызметімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп арнайы тексеру шараларын өткізді. Мұндай бірлескен әрекеттер браконьерліктің алдын алуға және жануарлар дүниесін қорғауға мүмкіндік береді.

Өңірде аңшылық шаруашылықтарының жұмысы да бақылауда. Қазіргі таңда облыста 44 аңшылық алқап бар, олардың бір бөлігі табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.

Мамандардың айтуынша, жүйелі бақылау мен профилактикалық шаралар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен биоалуантүрлілікті сақтауға маңызды үлес қосуда.