Жаңалықтар

Семейдегі өрт: балалардың жағдайы туралы министрлік мәлімдеме жасады

Семей қаласында болған өртке қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми түсініктеме берді.

Комитеттің мәліметінше, оқиға салдарынан балалар арасында зардап шеккендер жоқ.

«Аталған оқиға бойынша зардап шеккен балалар жоқ екенін хабарлаймыз. Екі бала Облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлік тексеруден кейін олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйлеріне жіберілді. Қазіргі уақытта балалардың денсаулығына қауіп жоқ», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқиға орнында Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі жұмыс істеп жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта өрттің себептері мен мән-жайы құзырлы органдар тарапынан анықталуда.

Комитет бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.