Жаңалықтар

Қордайлық мерген халықаралық турнирде алтын жеңіп алды

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының тумасы Мерлан Ұлтанбаев Дубайда өткен халықаралық «UAE SWAT Challenge–2026» турнирінде жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Қазақстан С» командасы құрамында өнер көрсетіп, әлемнің үздік арнайы жасақтарымен бәсекеге түсті.

Халықаралық жарыс Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтті. Биылғы турнирге 48 елден келген 109 команда қатысып, арнайы бөлімшелердің кәсіби дайындығы сынға түсті. Қазақстандық команда Қытай, Ресей, Таиланд және басқа да мемлекеттердің мықты қарсыластарын артта қалдырып, жарыстың ең жоғары тұғырынан көрінді.

Мерлан Ұлтанбаев команда құрамында мерген ретінде өнер көрсетті. Оның айтуынша, көптеген тапсырмалар дәл снайперлік атудан басталады. Сондықтан алғашқы оқтың дәлдігі бүкіл операцияның сәтті орындалуына әсер етеді.

Турнир бағдарламасы бес негізгі кезеңнен тұрды: Assault, Hostage Rescue, Officer Rescue, Tower Assault және ең күрделі сынақтардың бірі - Obstacle Course кедергілер жолағы. Бұл кезеңдерде қатысушылардың мергендігі, жылдамдығы, физикалық дайындығы, төзімділігі мен командалық үйлесімі тексерілді.

Мерланның айтуынша, бұл жарысқа қатысу оңай болған жоқ. Ол алдымен күрделі іріктеуден өтіп, команда құрамына енген. Бұған дейін де осы турнирге екі рет қатысқан. 2024 жылы команда қола медаль, өткен жылы күміс медаль иеленсе, биыл алтын жүлдені жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеу үшін жоғары физикалық дайындық, стресс жағдайында тез шешім қабылдау қабілеті және қатаң тәртіп қажет. Мерлан бұл қасиеттерді бала кезінен қалыптастырған.

Ол жастайынан спортпен айналысқан. Алғашында футбол мен жеңіл атлетикаға қызықса, кейін дзюдо және қоян-қолтық ұрыс спортын меңгерген. Осы тәжірибе оның әскери қызметте шыңдалуына үлкен көмегін тигізді.

Мерлан өзінің жетістігіне отбасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі үлкен әсер еткенін айтады. Ол Қордай ауданындағы №29 мектептегі мұғалімдеріне ерекше алғыс білдіреді.

Қордайлық спортшының халықаралық аренадағы бұл жеңісі - еліміздің арнайы жасақтарының кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды жетістік.