Таразда инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелері талқыланды
Тараз қаласындағы облыстық қан орталығында «Инфекциялық патология және иммунопрофилактиканың өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Конференцияға өңірдің жетекші дәрігерлері мен еліміздің белгілі медициналық мамандары қатысып, жұқпалы аурулардың алдын алу және вакцинацияны күшейту мәселелерін талқылады.
Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры Динагүл Баешева, сондай-ақ ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар неврологы, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Латина Текебаева арнайы қатысты. Сонымен қатар конференцияға облыстың 10 ауданынан келген инфекционист дәрігерлер, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, балалар невропатологтары мен иммунологтар қатысып, жалпы саны 80-ге жуық маман бас қосты.
Конференция барысында облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы уақытта қызылша ауруының өршуі қоғам үшін алаңдатарлық жағдай тудырып отыр. Сондықтан балалар арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Ал Астанадан арнайы келген бас балалар инфекционист дәрігер Динагүл Баешева жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми негізделген жолы – вакцинация екенін атап өтті. Ол ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жоспарлы екпелерді уақытында алу маңызды екенін айтты.
Конференцияда Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуал да кеңінен талқыланды. Мамандар өңірде оба, туляремия, күйдіргі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, лейшманиоз секілді табиғи ошақтары бар қауіпті инфекциялар кездесетінін атап өтті. Сонымен қатар өңірде ішек инфекциялары, дизентерия, ботулизм, вирустық гепатиттер, паразиттік аурулар, эхинококкоз және бруцеллез жиі тіркелетіні айтылды.
Бүгінде облыстың жұқпалы және эпидемиологиялық қызметтері жыл сайын орта есеппен 16 мыңнан 22 мыңға дейін науқасқа қызмет көрсетіп, жұқпалы аурулардың 94 түрі бойынша емдеу және алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жұқпалы ауруларға медициналық көмек облыстағы 10 аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшелерінде және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында көрсетіледі. Қазіргі уақытта бұл салада 38 инфекционист дәрігер мен 200-ден астам орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
Конференция бағдарламасы аясында еліміздегі жұқпалы аурулар қызметінің қазіргі жағдайы, 2026 жылға арналған эпидемиологиялық болжам, халықты инфекциялардан қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Сонымен қатар тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар, қызылша, вакцина арқылы алдын алуға болатын аурулар, Нипах вирусы секілді инфекцияларды диагностикалау, емдеу және алдын алу тәсілдері қарастырылды.
Жиын барысында вакцинация мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар кейбір балалардың неврологиялық патологияға байланысты екпеден уақытша босатылуы жоспарлы вакцинацияның кешігуіне әкелетінін, соның салдарынан қызылша секілді инфекциялардың асқыну жағдайлары тіркелуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ конференцияда жүкті әйелдерге, соның ішінде жұқпалы аурулармен ауыратын әйелдерге медициналық көмек көрсету алгоритмдері талқыланып, дәрігерлерге тәжірибелік ұсыныстар берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай ғылыми-тәжірибелік кездесулер дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи медициналық тәсілдермен танысуға және өңірдегі инфекциялық аурулардың алдын алу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.