Жаңа Конституция – халық таңдауы
Жамбыл облысында жаңа Ата заң жобасының мәні мен мазмұнын, негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруге арналған «Жаңа Конституция – халық таңдауы» атты кездесу өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, зиялы қауым, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Конституциялық реформаның қоғам сұранысы мен уақыт талабына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, басқару моделін ашық, әділетті әрі халық мүддесіне қызмет ететін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жаңа Конституция мәтінін халыққа жан-жақты таныстыру мақсатында өңірде 35 спикерден құралған ақпараттық-насихаттық топ жасақталып, 11 халықтық штаб құрылған.
Басқосуда облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Абдалы Нұралиев комиссияның атқарған жұмысы мен жаңа Ата заң жобасының негізгі жаңашылықтарына тоқталды.
Жиында Шерхан Мұртаза атындағы Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев және облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Гулам Умаров та жаңа Ата заң жобасына қатысты пікірлерін білдірді.
Кездесу естелік суретке түсумен қорытындыланды.