Қазақстанда eGov порталында ақау байқалды: пайдаланушылар жеке кабинетке кіре алмай жатыр
Қазақстандық пайдаланушылар электронды үкіметтің eGov.kz порталында қызметтердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын хабарлауда. Бүгін бірқатар азаматтар жүйеге кіру кезінде қиындықтарға тап болғанын айтып, жеке кабинетке авторизация жасау мүмкін болмай жатқанын мәлімдеді. Бұл жағдай мемлекеттік қызметтерді онлайн алу үшін порталға тәуелді көптеген тұрғындарға қолайсыздық туғызды.
Пайдаланушылардың айтуынша, порталдың негізгі беті ашылғанымен, аккаунтқа кіруге әрекет жасаған кезде жүйе «жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген хабарламаға бағыттайды. Соның салдарынан азаматтар өздерінің жеке профиліне кіре алмай отыр.
Сонымен қатар кейбір тұрғындар дәл осындай мәселелер электронды үкіметтің мобильді қосымшасы - eGov mobile арқылы қызметтерді пайдалану кезінде де байқалғанын айтуда.
Қазіргі уақытта «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының ресми өкілдері бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, eGov.kz порталы Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтердің көпшілігін онлайн түрде алуға мүмкіндік береді. Портал арқылы түрлі анықтамалар рәсімдеу, өтініштер беру және басқа да қызметтерді мемлекеттік органдарға бармай-ақ алу мүмкіндігі қарастырылған.