Жаңалықтар

Атырау облысындағы ерлі-зайыптының қазасы: Индонезияда ұсталған екі күдікті Қазақстанға экстрадицияланады

Атырау облысында қаза тапқан зейнеткер ерлі-зайыптының өліміне қатысты тергеу ісі бойынша екі адам күдікті ретінде танылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Оның айтуынша, күдіктілер қазіргі уақытта Индонезияда ұсталған және оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілген. Күдіктілерді елге жеткізу жақын арада жүзеге асырылып, осы айдың ішінде Қазақстанға әкелу жоспарланып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, күдіктілерді жеткізу бағыттары шетелдік әріптестермен келісілген. Құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын толық анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұл ауыр қылмыс Атырау облысының Жангелдин ауылында болған. Өткен күзде бір отбасы түгелдей хабарсыз кеткен. Кейін қаңтардың басында олардың үйіндегі қорадан 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайының мәйіттері табылды. Ал олардың 33 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы әлі күнге дейін табылмаған.

Марқұмдардың туыстарының айтуынша, ерлі-зайыпты қайтыс болды деген болжам болған күндердің өзінде олардың атынан отбасылық чаттарға аудиохабарламалар келіп тұрған. Соның бірі 7 қарашада жіберілген. Алайда жақындары сол уақытта ерлі-зайыптының өмірде болмағанына күмәнданбайды.

Тек 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына тұрғыннан оның ағасы мен отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабарсыз кеткені туралы арыз түскен. Ал 6 қаңтар күні зейнеткер ерлі-зайыптының мәйіттері табылды.

Осы оқиғаға байланысты күдікті ретінде Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғынына халықаралық іздеу жарияланған. Кейіннен бұл іске өзге адамдардың да қатысы болуы мүмкін екені тексеріле бастады.

Сонымен қатар, жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева да халықаралық іздеуге жарияланған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтау бағытында тергеуді жалғастыруда.