Таразда шығармашылық саланың үздік тәжірибелері ұсынылған облыстық Best Practices алаңы өтті
Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заманауи өнердегі жаңашылдық: шеберлік сыныптары негізінде шығармашылық көкжиектерді кеңейту» тақырыбында облыстық Best Practices іс-шарасы ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – шығармашылық мамандықтар бойынша үздік тәжірибелерді таныстыру, жас мамандардың кәсіби дағдыларын дамыту және еңбек нарығына бейімделуіне ықпал ету.
Бағдарлама аясында қатысушыларға түрлі бағыттағы шеберлік сыныптары ұсынылды. Практикалық жұмыстар алты тақырыптық аймаққа бөлініп, әр алаңда белгілі бір қолөнер немесе өнер саласының ерекшелігі көрсетілді.
Алғашқы аймақта сурет және қолөнер туындылары арқылы дәстүр мен заманауи шығармашылықтың үйлесімі таныстырылды. Екінші аймақта керамика мен гипс материалдарының көркемдік мүмкіндіктері көрсетіліп, шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Үшінші алаңда жүннен жасалатын бұйымдардың жасалу кезеңдері – идеядан бастап дайын өнімге дейінгі үдеріс ұсынылды. Сонымен қатар құрақ құрау, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасау сияқты ұлттық қолөнер бағыттары да көрермен назарына ұсынылды.
Іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, студенттер, кәсіпкерлер, тәжірибелі шеберлер мен сарапшылар қатысты. Мұндай тәжірибелік алаңдар жас ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Қолөнер Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Иманәліқызы шараға бірнеше шебермен бірге келгенін айтты. Оның айтуынша, көрмеде жүн басу, басқұрт тоқу секілді қазақтың дәстүрлі қолөнер түрлері көрсетіліп, ұлттық өнердің мүмкіндіктері кеңінен таныстырылған.
Университеттің шығармашылық мамандықтарында білім алып жатқан студенттер үшін бұл шара тәжірибе алмасуға және болашақта қандай бағытта еңбек етуге болатынын түсінуге көмектескен маңызды алаң болды.