Жаңалықтар

Таразда Кеңес Омаровты еске алуға арналған халықаралық жастар бокс турнирі өтуде

Тараз қаласындағы Бокс сарайында КСРО спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кенес Омаровтың құрметіне арналған жастар арасындағы халықаралық бокс турнирі өтіп жатыр. Дүбірлі додаға 2007–2008 жылы туған 200-ден астам жас спортшы қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салуда. Турнирдің басты мақсаты – болашағынан үміт күттіретін жас боксшыларды анықтап, Қазақстан ұлттық құрамасының резервін қалыптастыру.

Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, Кенес Омаровтың қазақ боксының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тәжірибелі бапкер жиырма жылдан астам уақыт бойы өңір спортшыларын тәрбиелеп, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздарын дайындаған.

Халықаралық турнирге Қазақстанмен қатар көршілес елдердің жас боксшылары да қатысуда. Жарыс жоғары қарқынмен және тартысты өтіп, көрермендерге әсерлі жекпе-жектер сыйлауда. Алғашқы кездесулердің бірі Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары арасында өтті.

Қырғызстан құрамасының мүшесі Умар Мадаминов 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алғашқы жекпе-жекте жеңіске жеткенін айтты. Оның сөзінше, турнирге тыңғылықты дайындалып, қарсыласына қарсы тиімді тактика қолдана алған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық жарыстар жас спортшылардың тәжірибе алмасуына, бапкерлердің өзара байланысын нығайтуға және жастарды спортқа баулуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар турнир жасөспірімдердің тәртіпті, салауатты өмір салтын ұстануына және патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Турнирдің финалдық жекпе-жектері мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 наурызға жоспарланған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар және дипломдармен марапатталып, үздік шыққан спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының резервіне енгізілуі мүмкін.