Жаңалықтар

Теміртауда 48 жастағы әйел 13-ші сәбиін дүниеге әкелді

Қарағанды облысының Теміртау қаласында 48 жастағы әйел 13-ші баласын өмірге әкелді. Сәбидің дүниеге келуі №1 Перинаталдық орталықтағы облыстық клиникалық ауруханада тіркелді.

Көпбалалы ана 2 наурыз күні ұл бала босанған. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің салмағы – 3650 грамм, бойы – 54 сантиметр. Босану табиғи жолмен өтіп, ешқандай асқыну болмаған.

Жаңа туған сәби – отбасының 13-ші перзенті. Сонымен қатар ол ананың тоғызыншы ұлы болып отыр. Ал отбасының тұңғышы бүгінде 25 жаста.

Көпбалалы ананың айтуынша, үлкен әулетте өмір сүру оған таңсық емес. Себебі ол өзі де көпбалалы отбасында тәрбиеленген.

«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін, сондықтан үлкен отбасы біз үшін қалыпты жағдай. Жолдасым жалғыз бала болып өскен еді, бірақ уақыт өте келе үлкен әулетке үйреніп кетті. Сәбидің аман-есен дүниеге келгеніне қатты қуанып отырмыз. Баланың жарық дүниеге келуіне көмектескен дәрігерлерге алғысымды білдіремін», – деді көпбалалы ана.

Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы жақсы, дәрігерлердің бақылауында.