Қуатты циклон: Қазақстанда жаңбыр мен қар жауып, бірқатар жолдар жабылды
Қазақстан аумағында ауа райы күрт өзгеріп, бірқатар өңірлерде қар мен жаңбыр жауып, боран соғуы мүмкін. «Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, 9 наурыз күні елдің басым бөлігіне солтүстік-батыстан келген қуатты циклон әсер етеді.
Метеорологтардың мәліметінше, циклонмен бірге атмосфералық фронттар да жетіп, республиканың көп бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауады. Әсіресе елдің солтүстік-батысында және оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері көп болуы ықтимал.
Синоптиктер желдің күшеюі, боран, көктайғақ және тұман болуы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдай жол қозғалысына да айтарлықтай әсер етуі ықтимал.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бірқатар аймақтарда көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілгенін хабарлады.
Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше республикалық маңызы бар автожол учаскелері жабылды. Атап айтқанда, «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» тас жолының бірнеше бөлігінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды. Сонымен қатар «Атырау – РФ шекарасы (Курманғазы бекеті)» бағытындағы жолда да қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Ақмола облысында «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының Жібек жолы ауылы мен Қарағанды облысының шекарасы аралығында қозғалыс шектелді. Ал Қарағанды облысында осы бағыттағы жолдың Ақмола облысының шекарасынан Теміртау маңындағы ақылы жол бақылау пунктіне дейінгі учаскесі жабылды. Бұл жолды 8 наурыз күні сағат 17:00-де ашу жоспарланған.
Қостанай облысында «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Карабутак» және «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолдарының бірқатар бөлігінде қозғалыс тоқтатылды.
Ал Батыс Қазақстан облысында «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» тас жолының Жымпиты ауылы мен Ақтөбе облысының шекарасы аралығында шектеу енгізілді.
Мамандар жүргізушілерге алыс жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын тексеріп, жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға кеңес береді. Қолайсыз метеожағдай тұрақталғанға дейін қажет болмаса, жолға шықпаған жөн.