БАҚ: БАӘ Иранға қарсы алғашқы соққы жасаған болуы мүмкін
Таяу Шығыстағы шиеленіс жаңа кезеңге өтуі мүмкін. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Иран аумағындағы нысанға алғаш рет соққы жасаған болуы ықтимал.
Израильдің Ynet порталы таратқан ақпаратқа сәйкес, шабуыл Ирандағы су тұщыту зауытына бағытталған. Дегенмен Израиль билігі бұл әрекет Әмірліктердің қақтығысқа толыққанды араласқанын білдірмейді деп есептейді.
Олардың бағалауынша, БАӘ тарапынан жасалған бұл соққы шектеулі сипатта болған. Сарапшылар мұны Тегеранға ескерту ретінде қарастыруға болады деп отыр. Яғни, Парсы шығанағындағы мемлекет Ираннан энергетикалық инфрақұрылымға қарсы шабуылдарды тоқтатуды талап ету мақсатында осындай әрекетке барған болуы мүмкін.
Сонымен қатар БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян да өңірдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған. Ол Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы бері алғаш рет халық алдында сөз сөйлеп, елдің қазіргі таңда соғыс жағдайында өмір сүріп жатқанын айтты.
Шейх өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштеріне алғыс білдіріп, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметін жоғары бағалады. Сонымен қатар ол елдегі шетелдік тұрғындардың үлесін атап өтіп, олардың мемлекет дамуына қосып жатқан үлесіне ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 наурыз күні Иранның мұнай инфрақұрылымына алғашқы әуе соққылары жасалғанын хабарлаған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, егер бұл ақпарат расталса, онда БАӘ-нің Иранға қарсы әрекеті Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін.