Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялау жалғасуда: 6 мыңнан астам адам елге оралды
Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының үйлесімді әрекетінің нәтижесінде соңғы күндері бірнеше эвакуациялық рейс орындалды.
7 наурыздан 8 наурызға қараған түні Air Astana, SCAT, Flydubai және Air Arabia әуе компаниялары Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға жалпы саны 11 рейс орындады. Соның нәтижесінде елге 1 786 жолаушы жеткізілді.
Сондай-ақ 8 наурыз күні де қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылары азаматтарды елге қайтару үшін тағы бірнеше рейс ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жалпы мәліметке сәйкес, 3 наурыздан бері Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға 37 рейс орындалып, 6 254 адам елге аман-есен жеткізілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары тиісті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының үйлестіруімен жалғасуда. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталғанға дейін жалғасатынын мәлімдеді.