Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы кеңінен түсіндіріліп, бұл саяси науқан елдің болашағын айқындайтын маңызды қадам екені айтылды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары таныстырылып, оның қоғамның дамуына және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қосатын үлесі жөнінде жан-жақты әңгіме өрбіді.
Жиында коалиция мүшелері Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулардың әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар құжатта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік қағидалары айқындалып, елдің тұрақты дамуына негіз қаланатыны айтылды.
Коалиция мүшесі Құралай Үкібаеваның айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысына жауап беретін маңызды құжат.
«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ол елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдағы әділдік қағидаларын нығайтуға бағытталған. Әсіресе, білім беру саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені ұстаздар – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды күш. Сондықтан білім саласының өкілдерінің референдумға белсенді қатысуы елдің болашағы үшін аса маңызды», – деді Құралай Үкібаева.
Ал, коалиция мүшесі Бағдат Момынов жаңа Конституция жобасы қоғамның әр саласына оң әсер ететінін атап өтті.
«Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер еліміздің саяси және әлеуметтік дамуына жаңа серпін береді. Құжатта азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру сияқты маңызды мәселелер қамтылған. Мұның бәрі қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, елдің одан әрі дамуына негіз болады. Сондықтан алдағы референдум – әрбір азаматтың ел тағдырына қатысты өз пікірін білдіретін маңызды кезең», – деді Бағдат Момынов.
Кездесу барысында ұстаздар қауымымен ашық пікір алмасу өтіп, саяси науқанға қатысты түрлі сауалдар қойылды. Коалиция мүшелері барлық сұрақтарға жауап беріп, референдумның маңызы жөнінде кеңінен түсіндірді. Жиын соңында мектеп ұжымы ел болашағы үшін маңызды науқанға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.



